Шрифт өлшемі:

Alatau City және оңтүстіккореялық компаниялар қаланың цифрлық егізін әзірлеу бойынша пилоттық жобаны іске асырады

Оңтүстік Кореяның қалалар мен өнеркәсіп нысандарының цифрлық модельдерін жасау кезінде қолданатын технологиялары Alatau City-де сынақтан өтеді. Алғашқы кезеңде AST Holdings және ILJOO GnS компанияларының қатысуымен пилоттық жоба іске асырылады.
09.09.2026

Alatau City Authority және оңтүстіккореялық AST Holdings Co., Ltd. және ILJOO GnS Co., Ltd. технологиялық компаниялары Smart City және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі Пусан қаласында World Smart City Expo халықаралық көрмесі аясында өтті.

Тараптар цифрлық егіз және заттар интернеті технологияларын қолдану бойынша пилоттық жобаны әзірлеуді жоспарлап отыр. Жоба қалалық нысандар туралы деректерді жинау және синхрондау, инженерлік инфрақұрылымды бірыңғай жүйеге қосу, сондай-ақ алынған ақпаратты қаланы басқару мақсатында пайдалану әдістерін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

Кореялық серіктестер туралы

AST Holdings компаниясы цифрлық технологиялар саласында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Компания GIS және BIM деректерін, визуализация, модельдеу және мониторинг құралдарын біріктіру арқылы қалалар мен инфрақұрылым нысандарының үшөлшемді цифрлық модельдерін жасайды.

Оңтүстік Кореяда AST Holdings компаниясы ұлттық деңгейдегі LX цифрлық егіздер платформасын және Digital Twin National Land пилоттық жобасын әзірлеуге қатысты. Сондай-ақ компания Naver Cloud-пен бірлесіп, Сауд Арабиясының Эр-Рияд, Жидда, Мекке, Медина және Даммам сияқты бес ірі қаласының цифрлық егіздерін жасау жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл платформа қала құрылысы, көлік және экология салаларындағы процестерді модельдеуге және мониторинг жүргізуге арналған.

2025 жылы AST Holdings компаниясы 13,83 млрд вон көлемінде табыс тапты. Компания 2013 жылы құрылған және онда шамамен 170 қызметкер жұмыс істейді.

ILJOO GnS нарықта 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Компания өнеркәсіп пен қалалық инфрақұрылымды цифрландыруға маманданған. Сонымен қатар жасанды интеллект, заттар интернеті және цифрлық егіздер технологияларына негізделген шешімдерді, сондай-ақ өндірісті басқару және өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелерін әзірлейді.

Компанияның жобаларына Busan Eco Delta City және Busan Smart City Lab үшін цифрлық шешімдер әзірлеу, Кунсан қаласындағы Hyundai Construction Equipment зауытында ақылды өндіріс технологияларын енгізу және кеме жасау саласына арналған кешенді басқару жүйесін құру кіреді. Сонымен қатар компания Hyundai AutoEver, Hyundai Motor Company және Hyundai Heavy Industries сияқты кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатқан және 2026 жылы Siemens компаниясының ресми серіктесі атанды.

2025 жылы ILJOO GnS компаниясының табысы 15,65 млрд вонға жетті. Компанияда шамамен 100 адам жұмыс істейді. 2025 жылы Пусан қаласының билігі ILJOO GnS компаниясын жоғары технологиялық және экспорттық әлеуетке ие аймақтық компанияларды қолдау бағдарламасына қосты.

Alatau City-дің цифрлық моделі қаламен бірге қалыптасады

Alatau City енді салынып жатқандықтан, оның цифрлық инфрақұрылымын жолдармен, инженерлік желілермен және басқа да қалалық нысандармен қатар дамытуға мүмкіндік туады. Бұл қандай деректердің жиналатынын және әртүрлі жүйелердің өзара қалай әрекеттесетінін алдын ала айқындауға жағдай жасайды.

Алғашқы кезеңде тараптар шектеулі пилоттық аумаққа назар аударады. Аталмыш аумақта қалалық деректерді жинау және синхрондауды сынақтан өткізу, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымға мониторинг жүргізу жоспарланып отыр. Мұндай тәсіл шешімдерді қаланың басқа бөліктеріне енгізбес бұрын олардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Болашақта цифрлық егізді қала құрылысын жоспарлау, көлік ағынын басқару, инженерлік желілерді бақылау және қоршаған ортаға мониторинг жүргізу үшін пайдалануға болады. Қарапайым үшөлшемді модельден айырмашылығы, ол нақты қалалық нысандардан деректер қабылдап, инфрақұрылымдағы өзгерістерді көрсететін болады.

«Біздің мақсатымыз – қаланың салынуын күтіп, содан кейін ғана оның цифрлық трансформациясын бастау емес. Alatau City жобасы қажетті IT-архитектураны физикалық инфрақұрылыммен бір мезгілде дамытуға мүмкіндік береді. Біз цифрлық егізді тек таныстырылымға арналған 3D-модель ретінде ғана емес, нақты деректер негізінде қаланың дамуын басқаруға мүмкіндік беретін аналитикалық жүйе ретінде қарастырамыз. Кореялық серіктестермен бірге жүзеге асырылатын пилоттық жоба осы шешімдерді кең ауқымда енгізбес бұрын олардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді», – деді Alatau City Authority бас директоры Әлішер Әбдіқадыров.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін сарапшылар тобы пилоттық аймақтың аумағын, жүйеге қосылатын нысандар тізімін және жобаның техникалық параметрлерін айқындайды. Тестілеу нәтижелері бойынша тараптар Alatau City цифрлық егізінің функционалын кеңейту мүмкіндігін қарастырады.

 

Соңғы жаңалықтар