Alatau City Authority және прокуратура органдары инвесторлардың құқығын қорғау саласында ынтымақтастықты күшейтуде

Меморандум Alatau City-де инвестициялық жобаларды іске асыру барысында тараптардың өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын айқындайды. Инвесторлардың заңды мүдделерін қорғауға, туындауы мүмкін мәселелерді ерте кезеңде анықтауға және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге ерекше назар аударылады.
Инвестициялық портфельдің өсіп келе жатқанын ескерсек, бұл жұмыс қала үшін айрықша маңызға ие. Бүгінде Alatau City-дің инвестициялық пулында жалпы құны шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба бар. Оларды іске асыру аясында жұмыспен қамту әлеуеті шамамен 55 000 жұмыс орны деп бағаланады.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералының айтуынша, мұндай ауқымды жобаны іске асыру бизнесті қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды және инвесторлардың сенімін нығайтуды талап етеді.
«Ауқымды инвестициялық көрсеткіштердің артында нақты инвесторлар, олардың капиталы және Қазақстанға деген сенімі тұр. Сондықтан біздің міндетіміз – туындаған мәселелерге жауап беріп қана қоймай, оларды жобаларды іске асырудың бастапқы кезеңдерінде алдын ала болдырмау. Бүгінгі Меморандум Alatau City Authority мен прокуратура органдарының мүмкіндіктерін біріктіріп, бизнестің мәселелерін жедел шешуге және инвесторларды жобалар іске асырылатын жерде тікелей қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Бауыржан Ералы.
Кездесу барысында ол Комитеттің инвесторларды қорғау үшін қолданатын негізгі тетіктері туралы сөз қозғады. Олардың қатарында инвестициялық жобалардың цифрлық мониторингі, дербес прокурор институты, прокурорлық сүзгі және дауларды сотқа дейін реттеу бар.
Қазіргі таңда Комитет Қазақстан бойынша 3,4 мың инвестициялық жобаны сүйемелдейді. Оның қызметі инвесторлардың құқықтарын қорғауға және жобаларды іске асыру барысында туындайтын әкімшілік кедергілерді жоюға жәрдемдесуге бағытталған.

«Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров инвестициялар тартумен қатар, бизнестің қалада ұзақ мерзімді жұмыс істеуі үшін ашық әрі болжамды жағдайларды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру экономикалық әлеуеттің болуымен ғана емес, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың нақты әрі ашық тетіктерінің болуымен де байланысты. Біздің міндетіміз – инвестициялық жобаларды жүйелі сүйемелдеуді, туындайтын мәселелерді уақтылы қарауды және әкімшілік кедергілерді азайтуды қамтамасыз ету. Қол қойылған Меморандум Alatau City Authority мен прокуратура органдарының өзара іс-қимылын күшейтіп, инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың қосымша тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Әлішер Әбдіқадыров.
Жаңа келісім Alatau City Authority мен прокуратура органдары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға негіз болады. Бұл инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жүйелі жұмысты жолға қоюға және Alatau City-дегі бизнесті қорғау кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.